С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде басқару және саясаттану кафедрасының мұрындық болуымен Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіз Қазақстан: бәсекеге қабілеттілік және тұрақтылық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Пікірталас алаңына университеттің сарапшы-саясаттанушылары, Павлодар облыстық жастар саясаты басқармасы, қалалық мәслихат аппаратының өкілдері мен студенттер жиналды.

Жиналған қаумы еліміздің 27 жылда қол жеткізген табыстары, экономикалық және саяси құрылыстың негізгі кезеңдері, сыртқы саясаттың дамуы, халық дәстүрлері мен тарихы жайында сөз қозғады.

«Екі онжылдық бұрын әлем жұртшылығы еліміздің қай жерде орналасқанын да білмейтін, Бүгінде Қазақстан – тұтас бір Орталық Азияның тартылыс орталығы мен локомотивіне айналды», - дейді саясаттану ғылымдарының кандидаты, профессор Ғани Елмұратов.

Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақстанның мәдениеті жайында басқару және саясаттану кафедрасының оқытушысы Гүлсара Қаппасова айтып берді. Маман қазіргі уақытта елімізде 25 мыңнан астам тарихи, сәулет және мүсін ескерткіш, 11 мың кітапхана, 147 музей, 8 мәдени-тарихи қорықтың барын жеткізді.