С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға бизнес-қауымдастық, аймақтың мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының жетекшілері, профессорлық-оқытушылық құрам және жоғары оқу орнының жас ғалымдары қатысты.

Жиналған қауымды университет ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова құттықтады. .

Г. Ахметова өз сөзінде Мемлекет басшысының ұзақмерзімді басымды тапсырмалары Тәуелсіз еліміздің іргетасы және белгісі екенін тілге тиек етті. Стратегиялық міндеттердің қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бар. Ректор бұл бағдарламалардың университет қабырғасында жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.

«ЖОО-ның ғылыми орталықтары зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Нақтырақ айтқанда, «Бөрлі» кешенінде қазба жұмыстары қолға алынды, ал Сабындыкөл көлінің маңында қола дәуіріне тисесілі қасиетті жерлер зерттеліп жатыр. Павлодар облысының қасиетті географиясы бойынша мобильді қосымша жасалып, балаларға арналған ертегілер жиынтығы жарық көрді. Сонымен қатар, М.Ж. Көпеев пен С. Торайғыровтың еңбектері сандық форматқа көшіріліп, шығармалар жиынтықтары мен энциклопедиялар қайта басылып шығарылды», - дейді Гаухар Ғалымқызы.

Университет басшысы соңғы үш жылдың ішінде университетте даярланатын мамандықтардың саны үш есеге және докторанттар саны төрт есеге артқанын жеткізді.

Салтанатты шара барысында бір топ университет қызметкері С. Торайғыровтың 125 жылдығына арналған алтын медаль, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, Павлодар облысының әкімі мен облыстық мәсихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.  

Жиын студенттік филармонияның концерттік бағдарламасына ұласты. Әскери кафедрасы студенттерінің музыкалық қойылымы жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.