С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде пича-куча форматында «Ертіс өңірінің қасиетті жерлері» атты шара өтті.

Шара шет тілдері кафедрасының мұрындық болуымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Кездесуге бірінші курс студенттері қатысты.

Жастар Павлодар облысының қасиетті жерлері туралы бейнепрезентацияларын ұсынды. Студенттер Баянауыл ауданындағы Әулие тас, Кемпір тас табиғи ескерткіштері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев және Сұлтанмахмұт Торайғыров, сонымен қатар, аймақтың бірегей тұзды көлдері туралы айтып берді. Бұл мекендер жайындағы баяндамалар ағылшын және неміс тілдерінде жасалды. Тұсаукесер барысында әйгілі жерлестеріміздің өлеңдері де паш етілді.

Шара барысында жастар арасында викториналар ұйымдастырылды. Қатысушылар танымал жерлестеріміздің өмірбаяндары бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Сайыс қорытындылары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Аға оқытушы Б. Оспанова жетекшілік еткен Инф-102 және ВТиП-102 топтарының құрама командасы жеңіске жетті. Екінші орынға шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Б. Жұмабекова жетекшілік еткен А-102, Д-102, ТСтр-102, МГИ-101, Б-102, Юр-102 топтары және аға оқытушы А. Раисованың МГИ-101 тобының студенттері ие болды. Үшінші орынды КМБ-101, Кур-101 (жетекші – аға оқытушы С. Ерғалиева) және Фин-102, УиА-102, Мар-102 (аға оқытушы - М. Ахметова) топтары өзара бөлісті.