С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенті Алик Домнич Мәскеу қаласында грепплинг және панкратион бойынша өткен әлем чемпионатында екі алтын медаль ұтып алды.

Жарыс барысында А. Домнич Испания, Аргентина, Греция және өзге елдердің спортшыларына дес бермей, екі бірдей спорт түрі бойынша үздік атанды.

Чемпионның айтуынша, ол осы байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып, жаттығуларын күшейткен.

Әлемдік деңгейдегі чемпионатта Қазақстанның көк байрағын көтеріп, ел намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын. Ресейлік спортшылар өте мықты. Дегенмен, алдыма мақсат қойып, осы белесті де бағындырдым. Былтырғы жылы өтен жарыста дағыстандық спортшыдан жеңіліп қалған едім. Осы жолы қателіктерге жол бермей, «Ахмат» клубының білікті жаттықтырушылар құрамының арқасында жеңіске жеттім», - дейді А. Домнич.

Еске сала кетсек, Алик Домнич – грепплинг және панкратион бойынша Қазақстанның үш дүркін чемпионы, ММА бойынша ел чемпионы. Алдағы уақытта аралас жекпе-жек бойынша кәсіби спортшы болуды армандайды.