С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті агротехнологиялық факультетінің студенттеріне дуалды білім беру мақсатында Шарбақты ауданының «Победа» ЖШС-ның базасында оқу орталығы ашылды.

Екі факультеттің филиалы ретінде жұмыс істейтін оқу орталығы облыстық мәслихат депутаты, «Победа» ЖШС-нің директоры Александр Поляков пен агротехнологиялық факультеттің деканы, а-ш.ғ.д., профессор Тоқтар Бексейітовтің бастамасымен ашылды.

Тоқтар Бексейітовтің айтуынша, өңірдегі ір шаруашылықпен серіктестік көп жылдар бойы орнап, жемісін беруде. Кәсіпорын жаңашыл технологиялар мен заманауи құралдарды қолданпы келеді. Ал мал азығын әзірлеу үрдісі толық автоматтандырылған.

«Оқу орталығы жыл он екі ай жұмыс істейді. 10-15 студенттен тұратын топтар білім алады. Оқу  барысында жастарға теориялық білім беру үрдісіне оқытушылар қатысып, тәжірибелік жағынан кәсіпорын маманы атсалысады. Оқу корпусында студенттер үшін тұрмыстық жағдайлар жасалған. Сыныптар мен жатын орындар қарастырылған», - дейді Т. Бексейітов.

Айта кетейік, унивреситеттің агротехнологиялық факультеті ауыл шаруашылығы ғылымы мен білім беруде кәсіби мамандарды оқытатын жетекші орталыққа айналған. Факультет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру саласына арналған бес мамандық түрін даярлайды.

Сонымен қатар, бұл орталықта «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің дипломдық жұмыстарын қорғау шарасы өтті.