С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулық» жобасы шеңберінде басылған кітаптардың тұсауы кесілді.

Жоба шеңберінде әлемнің үздік университеттерінің тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент және бизнес салаларындағы кітаптардың түпнұсқасы қазақ тіліне аударылды. 

Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышевтың айтуынша,  университеттің кітапхана қорына қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 кітап түсті. Барлығы – 1506 дана. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орнының білім беру үрдісіне енгізілетін шетелдік монографиялар бар. 

«Үздік оқулықтар студенттерімізге гуманитарлық пәндер саласында әлемдік ғылыми оймен танысуға жол ашады. Сонымен қатар, қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, тіліміз ғылым тілі ретінде дами түседі», - дейді Арман Айтмұхамбетұлы. 

Қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., Айман Зейнулина кафедра студенттері үшін «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Медиаэтика» және «Жалпы тілтану» кітаптары жоғары сұранысқа ие болатынын жеткізді. 

«Мысалы, кітап авторы, ресейлік ғалым Светлана Тер-Минасова шет тілдерін оқу мәселесін қарастырып, тілді жетік меңгеру үшін халықтың танымын, психологиясын тереңнен білу керектігін айтады. Бұл ғылыми еңбектердың дәстүрлі әдістерден айырмашылығы көп, сондықтан гуманитарлық білім беру сапасына оң әсерін тигізбек», - дейді А. Зейнулина.

Айта кетейік, 2018 жылы тағы 30 оқулық аударылады.