С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова Ақсу экономикалық форумына қатысты.

Шара барысында Ақсу қаласының басшылығы, қала құраушы кәсіпорындардың өкілдері және облыстың ғылыми қауымдастығының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. 

ПМУ ректоры Г. Ахметованың айтуынша, бүгінгі дәуірде жаңа техникалық және экономикалық шешімдерге сапалы көшуге мүмкіндік беретін жаңашыл инновациялық технологияларсыз энергияүнемді және энергиятиімді кәсіпорындарды елестету мүмкін емес. 

«Бұл форумның білім, ғылыми қауымдастық және аймағымыздың ірі өндіріс алыптары өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқаны қуантады. Біздің университет ірі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеу жолында серіктес болуға дайын. Ғалымдарымыз өңірдің ірі өнеркәсіп ошақтарының базасында заманауи технологияларды дамытуға өз жобаларын ұсынуға әзір», - дейді Гаухар Ғалымқызы. 

Секциялық отырыстарда ПМУ ғалымдары энергетика, металлургия, құрылыс, химиялық технологиялар және ауыл шаруашылығы салалары бойынша баяндама жасады. 

Сонымен қатар, Ақсу және қалаға қарасты ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуы таныстырылып, жергілікті кәсіпорындардың өнімдері көрсетілді. Университеттердің технологиялық кәсіпкерлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына сеп болатын ғылыми-тәжірибелік жобалары қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды. 

Павлодар мемлекеттік университеті мен Ақсу қаласының әкімдігі арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көкжиегін кеңейту мақсатында меморандумға қол қойылды. 

Келісім негізінде бірлескен ғылыми және зерттеу қызметін жүзеге асыру, семинарлар мен арнайы курстарды ұйымдастыру, оқытушылық-профессорлық құрамның біліктілігін арттыру мүмкіндігі, сондай-ақ, әлеуметтік серіктестікті дамыту көзделген.