С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде облыс орталығында наурыз айының 2-11 аралығында өткен Қазақстанның VII Қысқы Универсиадасы салтанатты түрде жабылды.

Жарыс бағдарламасына спорттың тоғыз түрі енгізілді. Олардың қатарында шаңғы жарыстары, қысқы Президенттік көпсайыс,  футзал, баскетбол, армрестлинг, гір спорты, қысқы спорттық бағдарлау, сонымен қатар,  пауэрлифтинг және қазақ күресі болды. Жеңімпаз атануға еліміздің 39 жоғары оқу орнының намысын қорғаған екі мыңға жуық спортшы тырысып бақты. 

Павлодар мемлекеттік университетінің базасында жарыстардың екі кезеңі өтті – гір спорты мен армреслинг. 

Жабылу салтанатында сөз алған С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова құрама командалар, жаттықтырушылар, спорт мамандары мен дәрігерлердің тынымсыз еңбегін тілге тиек етті. Бірлескен жұмыстың арқасында жарыстарда темірдей тәртіп сақталып, спортшылар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ректор спортшыларға жеңіс тіледі. 

Жетінші қысқы Универсиада Павлодар мемлекеттік университеті құрамасының қоржыны 7 медальмен толықты: 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль. Сонымен қатар, спортшылар жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. 

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің спортшылары Универсиада жеңімпазы атанды. Жарыстардың күміс жүлдесіне Қостанай мемлекеттік педагогикалық инстутуты ие болды. Ал Е. Бүкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жастары қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық есепте төртінші орын С. Торайғыров атындағы ПМУ спортшыларына бұйырды. 

ШҚО Д. Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетінің  командасы бесінші орын тұғырынан көрінді. Алтыншы орынды Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің қыздары жеңіп алды.