Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында отандастарымызға бес жаңа әлеуметтік бастамалары туралы үндеу жариялады.

1. «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы.

2. Салықтарды азайту

3. 20 мың білім гранты мен студенттерге арналған жатақханалар салу. 

4. Шағын несиелендіруді көбейту

5. Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру

Бастамалардың барлығы – ел халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар. 

Өз басым, білім саласына қатысты әлеуметтік бастамаға ерекше тоқталғым келеді.  Елбасы үшінші бастамасында жастарға мемлекеттік грант бөлу мен студенттердің тұрғын үй мәселесін шешу туралы айтты. Президент 2018-2019 жылдары жыл сайын 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырды. Олардың 11 мыңын техникалық мамандықтардың бакалаврларына бөлу көзделген. Мәселен, бұл гранттар ақпараттық технологиялар, робототехника және нанотехнологиялар сынды техникалық мамандықтарға қарастырылған. Бұл – орынды қадам. Өйткені,  «Индустриализация 4.0»,  «Цифрлы  Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға аталмыш бағыттағы мамандықтар аса қажет. Бұл бағдарламалық бастаманы Елбасы мен мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығы деп білеміз. Бүгінде ел халқының әл-ауқатының жақсаруы мен саланың дамуы қоғамның білім беру деңгейіне тікелей байланысты. Сапалы даярланған мамандар ғана Отанымызды алға жетелейді. 

Мемлекет басшысы 2022 жылға дейін жаңа студенттік жатақханаларды салуды тапсырды. Яғни, 75 мың орын құрылысы қарастырылған. 

Сол себепті Президент жоғары оқу орындары, колледж бен сенімді компанияларға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдерін қолданып, жатақхана құрылысын бастауды тапсырды. Елбасы мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік беретінін айтты. Президент білім беру сапасына ғана емес, жастардың жағдайына назар аудару керек екенін жеткізді. Әсіресе, ауыл жастарына қамқорлық керек. Сонда еліміздің адами капиталы да дами түседі. Біздің университет болашаққа межеленген тапсырмаларды орындауға өз үлесін қосады.