Павлодарда Қазақстан Республикасының VII қысқы Универсиадасы бастау алды. Байрақты бәсекенің жеңімпазы атануға еліміздің 36 жоғары оқу орнынан келген 2000-ға жуық студент бақтарын сынап жатыр.

Павлодар облысының намысын 300-ден астам студент қорғайды, олардың қатарында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің спортшы жастары бар.

Республикалық универсиаданың салтанатты ашылуы «Астана» мұз сарайында өтіп, жарыстың алауы жағылды. Жарыстың қонақтары мен қатысушыларының алдында сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов тұрғындар осы тектес ауқымды шараның Ертіс өңірінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді 

Қысқы универсиада екі кезең бойынша ұйымдастырылады. Наурыздың 1-6 аралығында спортшылар шаңғы жарысы, қысқы президенттік көпсайыс, әйелдер және ерлер арасындағы футзал, баскетбол бойынша өтеді. Екінші кезеңде спорттың бес түрі бойынша жарыстар өтеді деп жоспарланған, олардың қатарында: армрестлинг, гір спорты, қысқы спорттық бағдарлау, пауэрлифтинг және қазақ күресі.

VII қысқы Универсиадасының жабылуы 11 наурызда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтеді.