С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары «ЖОО үздік оқытушысы» атағын беру конкурсында жеңімпаз атанды. Ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі болды.

Байқауға бес жылдан кем емес үздіксіз ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар республиканың жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Биылғы байқаудың жеңімпаздары: т.ғ.к., доцент Петр Быков, техника ғылымдарының кандидаты, «Физика және аспап жасау» кафедрасының профессоры Нұрлыбек Испулов,  PhD докторы, доцент Алия Алдынгарова, х.ғ.к., механика және мұнай-газ ісі кафедрасының доценті Гаини Сеитенова, ф.ғ..к., «Орыс филологиясы» кафедрасының доценті Назира Шахметова және ф.ғ.к., қазақ тілі және журналистика кафедрасының профессоры Бақытгүл Қапасова.

«Университеттің үздік оқытушысы» конкурсы шығармашылық әлеуетті жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылымның жаңа бағыттары бойынша халықаралық конвенциялардың талаптарына сәйкес мамандарды кәсіби дамыту және кәсіби қайта даярлауға қауқарлы. 

Марапатталған атақтан басқа, жеңімпаздарға ғылыми зерттеулерді жалғастыруға және әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін гранттар берілді. Сонымен қатар, жеңімпаздар халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға, конгресстерге, ғылыми зерттеулер тақырыбына семинарларға, оқу үдерісін ұйымдастыруға қатыса алады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы білім берудің түрлі салаларында ғалымдар мен мамандар арасында тәжірибе алмасуды жеңілдетеді.