С. Торайғыров атындағы ПМУ-да «Сандық Қазақстан» мемлекттік бағдарламасының жобасын талқылауға бағытталған кездесу өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, университеттің оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты.

«Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы туралы облыстық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Дәуенов кеңірек айта отырып, аталмыш бағдарламаның негізгі мақсат-міндеттерімен таныстырды. Ең алдымен, бұл мемлекеттік және жекеменшік цифрлық қызметтерге «e-gov» мобильді электрондық үкімет қосымшасы және басқа платформалар арқылы қолжеткізу болып саналады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, фил.ғ.к. Гаухар Ахметова өз сөзінде сандық технологиялар қазіргі уақытта ПМУ оқыту жүйесінде маңызды орын алатынын атап өтті.

- «Біздің университетте мегшікті ақпараттық жүйе, E-learning CDT, қашықтықтан оқытуға арналған электрондық құжат айналымы жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, көптеген электронды оқулықтар бейнематериалдарын дайындады», - деді Гаухар Ғалымқызы.

Болашақта IT HUB студенттерге қызмет көрсету орталығын ашу, университет қызметкерлеріне арналған ұялы қосымшасы мен жатақхананы басқару жүйесін құру, академиялық мазмұнды латынға аударуға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеу және 3D баспа орталығын құру жоспарлануда.

Талқылау соңында тараптар «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жобалық офисін құруға келісті.

Жұмыс тобының құрамына облыстың жоғары оқу орындарының жетекші сарапшылары, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар кіреді.