Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достары қауымдастығы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ бірлесіп алғаш рет ТОМ: Kazakhstan шарасын бастады.

20 мамыр күні С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында ТОМ: Kazakhstan жобасы шеңберінде PreTOM шарасы өтті. 

Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достары қауымдастығы, «Самал оңалту орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Павлодар облысының ӨКП, BOSCH компаниясының өкілдері қатысты. 

ТОМ: Kazakhstan – бұл мүгедек жандардың күнделікті тұрмысындағы мәселелерін шешу мақсатында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен бірлесе отырып шеберлердің (мейкерлер) прототип жасайтын 72 сағаттық мейкатоны. 

ПреТОМ барысында мейкерлер командасы «гаджет» жасап беретін өздерінің қарауындағы адаммен танысады. Олар командаларға топтасып, алдына қойылған мәселенің шешімін табуға тырысады, болашақ құрылғының алғашқы сызбаларын қағазға түсіреді. Содан келесі ай бойы мейкерлер командасы нид-ноуерлермен (need-knower) бірігіп прототиптің жобасын жасайды. 

Шараның салтанатты бөлімінде Александр Машкевич бейне хабарлама арқылы жобаға қатысушыларға алғысын білдірді. «Мен ТОМ-ның Павлодар қаласында өтіп жатқанына қуаныштымын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жеңілдету үшін оларға көмектесуге, жоба жасауға, мәселенің шешімін табуға Қазақстанның әр аумағынан келген мейкерлерге алғысым зор. Біз сіздердің өнертабыстарыңыз тек Қазақстанда ғана емес әлемде жүзеге асқанын қалаймыз», – деді А. Машкевич. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев өз сөзінде бұл шараның нәтижелері тиімді болып, ТОМ: Kazakhstan-ның барлық қатысушылары мүлдем жаңа мәдениетті жасауға ықпал ететінін атап өтті. 

Бұдан өзге, қатысушыларға арналған Team Building өтті. Мұнда команда мүшелері өздерінің өмірдегі мәселелерімен бөліскен адаммен танысты. Ол команданың маңызды мүшесі – нидноуер. Ол мейкерлерге прототип идеясын қалыптастырып, жетілдіруге көмектеседі. 

Бүгін командалар өздерін және өз идеяларының сызбаларын таныстырды. Енді оларды өте тынымсыз және ұжымдық жұмыс кұтіп тұр: олар прототиптер жобасын жасап, Мейкатон ТОМ-да жұмыстарының жүзеге асқанын күтеді. Мейкатон ТОМ маусымда Павлодар қаласы, Ломов көшесі, 64 мекенжайы бойынша өтеді.