С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері қонақ болды.

Меймандар ғалымдар аллеясы мен «Дос-Мұқасан» ВИА шығармашылығына арналған ескерткішті арлап шықты. Бұдан өзге, қонақтар назарына Ә. Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу орталығының көп жылғы зерттеу еңбектері ұсынылды. Сондай-ақ, олар университеттің стартап академиясы мен коворкинг орталығы жұмысымен және С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорымен де танысты. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов өз сөзінде білім ордасының жетістіктері мен ұстанатын бағыттары туралы әңгімелеп берді. 

Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, техн.ғ.к., профессор Бари Жанахутдинов қонақтарға университет ардагерлері ұйымының қоғам игілігі үшін атқарған жұмыстарын баяндап берді. «Аға ұрпақ – ата-бабадан жеткен дәстүрлердің, ұлттық құндылықтардың қорғаушысы. Ардагерлер жастарға өз білімдерімен бөлісе отырып, оларға өмірлік жолды таңдауға себепші болады», – деді Бари Ғазизұлы.

Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аспандияр Нұрбайев С. Торайғыров атындағы ПМУ кітапхана қорына «Боздақтар» атты естелік кітапты сыйға тартты. 

«Бұл жоғары оқу орнын тәмамдаған мамандардың көбісі Павлодар қаласын, ірі кәсіпорындарды 60-ыншы жылдары өз қолымен салды. Осы үшін де альма-матерге алғысымыз зор. Университеттің бүгінгі материалдық базасы, техникалық жабдықталуы нарықтық заманның талаптарына сәйкес жастардың сапалы білім алып шығуына барынша жағдай жасалғанын айғақтайды. Бүгінде ПМУ – шетелдік байланыстарын орнықтырған, Қазақстанның жоғары оқу орындарының үздік бестігі қатарындағы жоғары мектеп», – деді Аспандияр Нұрбайұлы. 

Кездесуде қонақтарға ПМУ шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары музыкалық тарту сыйлады. Жас әншілер мен тыңдармандар арасындағы ерекше байланыстан ұққанымыз: ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес. Жетістіктердің биік белесіне ұмтылу, Отанға адал қызмет ету, досқа сенім арту, үміт желкенін түсірмеу сынды асыл қасиеттер – Павлодар мемлекеттік университеті студенттерінің жаңа ұрпағына аманат болатын мәңгілік құндылықтар.