С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Foundation» факультетінің бес жылдығына орай баскетболдан республикалық университетаралық турнир өтті.

Баскетбол жарысында дайындық бөлімінің тыңдаушыларымен Павлодар облысы мен Астана қаласының командалары сайысқа түсті. 

Спорт мерекесін құттықтау сөзімен ашқан «Foundation» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сәуле Ксембаева факультеттің бес жылдығына орай ұйымдастырылған сайыстың маңыздылығына тоқталып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. 

«Жоғары оқу орнында білім алушылардың кәсіби біліммен қатар, спортпен шұғылданулары үшін бар жағдай жасалған, техникалық база толығымен жабдықталған: спорттық кешен, стадион, ашық алаңдар бар. Университетте спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік беретін спорттың 20 түрінен үйірмелер жұмыс жасайды. Спорттағы зор жетістіктер үшін студенттерге жеңілдіктер де қарасытырлған», – деді Сәуле Камалиденқызы. 

Сайыс нәтижесі бойынша «Foundation» факультетінің «344» командасы жеңіске қол жеткізді. Екінші орын «Астана ЕҰУ» командасына бұйырса, турнирдің қола жүлдесін Foundation-нің тағы бір командасы – «Ертіс» еншіледі.