С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Көне түркі жәдігерліктері – қазақ жазба мәдениетінің бастауы» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Шараның басты мақсаты – өркениет тарихындағы түркі жазулары мен  мәдениетінің рөлін нығайтып, олардың заманауи мәдениет кеңістігіндегі хал-ахуалын айқындау. 

Бұл шараға Назарбаев университетінің профессоры Ж.А. Ағабекова, сондай-ақ, облысымыздың жоғары оқу орындарының ғалымдары, магистранттары, студенттері, тіл жанашырлары, мәдениет және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. 

Конференцияның пленарлық мәжілістерінде түркі жазба мәдениетінің тарихы кең талқыға салынып, көне атаулар мен ономастика мәселелері қозғалды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, жаһандану үрдісінде жалпы мәдениет пен жазбалар күнін әлемнің көптеген елдері тойлап, бұл күнге ерекше мән береді. 

«Көптеген ұлт өкілдері мекен еткен Қазақстан қоғамының басты байлығы – этникалық үндестік, азаматтық бірлік пен татулық. Бұл да түркі тілдес халықтарының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан туыстығының айғағы. Сондықтан, Қазақстанда тойланатын Түркі халықтарының жазбалары күні түркі тілдес халықтарының дәстүрлі мерекесінің біріне айналды.Ендігі міндетіміз – Қазақ Елінің түркітану ғылымы мен мәдениетіне, тарихына қосқан үлесін зерделеп, жаһандық кеңістікте танытып насихаттау», – деді Айман Файзоллақызы.