Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде белгілеген халық арасындағы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е. Жанғазин, олбыстық сот судьялары П. Афанасиади, Б. Тиштыбаев С. Торайғыров атындағы ПМУ мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамына дәріс оқыды.

Дәріс алдында меймандар университеттің стартап академиясы мен коворкинг орталығы жұмысына қанық болып, Ә. Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың археологиялық зерттеу материалдарымен, «Дос-Мұқасан» ВИА шығармашылығына арналған мұражай экспонаттарымен және жоғары оқу орнының креативті бұрышымен танысты.   

Әділет саласының қызметкерлері университеттің ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариевпен бірге университет аумағын көгалдандыру жұмыстарына қатысты. 

Е. Жанғазин өз сөзінде соңғы екі жылда Ұлт жоспарының «Заңының үстемдік құруы» реформасын орындау бойынша барлық міндеттер жүзеге асқанын атап өтті. Сондай-ақ, дәріскер сот ісін және іс қағаздарын жүргізудегі барлық жаңалықтарымен бөлісті: үш сатылы сот жүйесі, инвестициялық даулар бойынша мамандандырылған сот алқасын құру, сот жүйесіне IT-технологияларды енгізу, Жоғарығы Сот жанынан Сот төрелігі академиясын құру және т.б.

Е. Жанғазин дәрісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: рухани жаңғыру» мақаласына баса назар аударды. Ол өз сөзінде жастарды мақаладағы Мемлекет басшысының сөзіне зейін салуын сұрап, елдің әр азаматы қазақстандық ұлттың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін үздіксіз білім игеруге, шет тілін меңгеруге, «мәдениеттерге ашық» болуға бағытталған, жаңғырудың жаңа үлгісін қалыптастыруы қажет екендігін атап өтті.   

П.Афанасиади өз дәрісінде Азаматтық процессуалдық кодекстегі жаңалықтарды баяндап берді. Судьяның мәлімдеуінше, қолданыстағы АПК судьялардың жұмысын біршама жеңілдетті: соттың істі қарауы алдындағы істі дайындау сатысы жетілдірілді, сот бұйрығын шығару үшін талаптар тізімі кеңи түсті, дауларды бірыңғайлау бойынша қосымша шаралар дамыды. 

Б.Тиштыбаев қылмыстық заңнамаға қатысты өзгерістер турасында әңгімелеп берді. Баяндамашы жиылғандарға судьялыққа үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесімен, жаңа Судья әдебінің кодексінің негізгі ережелерімен таныстырды.   

Әділет саласының қызметкерлері кездесуді сұрақ-жауап форматында өткізді. Дәріс барысында болашақ заңгерлер өздерін мазалаған сауалдарына тұщымды жауаптарын алды.