С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің болашақ географтары «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығында өткен республикалық «Ғылым шарайнасы» байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Байқау мақсаты – ғылым мен тәжірибедегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған зерттеу жұмыстарына жастарды тарту, олардың ғылымға қызығушылығын арттыру, инновациялық жобаларды жүзеге асыратын көшбасшыларды тәрбиелеу.  

География және туризм кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., қауымд. профессор Динара Есімованың жетекшілігімен Аян Есім, Айнаш Рамазан және Әлнұр Қайролла есімді студенттерден құралған топ екінші орынды еншіледі. 

Байқауда студенттер Павлодар қаласының мектеп оқушылары үшін тақырыптық экскурсия жасау бойынша жоба ұсынды. Жоба оқушылар арасында ұлттық тағам және ұлттық мәдениетті насихаттауды мұрат етеді. 

Г-м.ғ.к., қауымд. профессор Ғалымбек Ажаевтың жетекшілігімен студенттер – Александр Кучерявых, Жанерке Кабиева және Талант Қожахметовтер жасаған «Павлодар облысының туристік ресурстары кадастрін құруының ерекшелігі» жобасы екінші орынды иеленді. 

Ал туризм кафедрасының студенттері Әлия Тукуева мен Анастасия Сасько Павлодар облысындағы белсенді туризмді дамытудың беталысы мен келешегі туралы жобасымен бірінші орынды қанжығасына байлады. 

PhD доктор, қауымд. профессор Алина Жагловскаяның жетекшілігімен студенттер «KazGeoTour» мобильді қосымшасы мен «PavGeoTour» жол сілтеушісін жасап шығарды. Олар бұл жоба аясында Ертіс өзені бойымен (Лебяжі ауданынан Павлодар қаласына дейін) төрт күндік жүзіп өту қызметін жеке есепке алған. 

«Егер жергілікті туризмді дамытуды көздесек, біз әлбетте, оны қандай кадрлардың көмегімен жүзеге асыра алатынымызды білгеніміз жөн. Бүгінде өңірлерде жұмыс жасау үшін аймақты дамытуға кешенді түрде қадамдар жасай алатын, сол жердің ресурстарын танып, олардың негізінде туристік саланың даму бағдарламасын ұсына алатын білікті мамандар қажет. Біздің студенттер өңіріміздің дамуына мүдделі, олар жобалар, мобильді қосымшалар жасаумен және жергілікті жердің маршрутын зерттеумен айналысуда. Болашақ географтар мен туризм саласының менеджерлерінің бұл бастамаларын қолдаудың маңызы зор», – дейді география және туризм кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., қауымд. профессор Динара Есімова.