Жуырда шет тілдері бойынша республикалық «Тілдер үшбірлігі» полингвалық олимпиданың нәтижелері жария болды. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тілдік емес мамандықтарының студенттері бірнеше жүлделердің иегерлері атанды.

Байқау С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өтті. Сайысқа Қазақстанның іргелі 12 жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. 

Байқаудың екі кезеңінде студенттердің шетел тілінің жазбаша және ауызша білімдері сынға түсті. Кейінгі кезеңде қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әртүрлі тақырыпта жағдайдан шығу жолдарын ұсынды. 

Жалғасхан Садық француз тілі бойынша байқаудың «Сөйлеудің үздік үлгісі» аталымында бірінші орынға ие болды. Ал, Тимур Искендер екінші орынға қол жеткізіп, ағылшын тілі бойынша үздік спикер деп танылды. Ағылшын тілі бойынша үздік көрсеткіштерімен Жансая Айтқожина мен Айдана Қайыржанова білім сайысының үшінші орын иегерлері атанды. 

Бұдан өзге, неміс тілі бойынша Алина Абитова мен Анастасия Долбня екінші орынды еншіледі. Және де, Алина Абитова «Үздік сөздік қор» аталымының жеңімпазы болды. 

Шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымд. профессор Бейбітнұр Жұмабекованың мәлімдеуінше, қатысушылардың білімдерін дөп анықтау мақсатында жыл өткен сайын олимпиада талаптары жетілдіріліп, жаңа байқаулар қосылуда. «Соңғы жылдары осындай байқауларға тұрақты қатысып жүрміз. Бұл жолы біз қанжығамызды он бес жүлделер жинағымен майлап келдік. Студентер үшін осы сияқты сайыстың маңызы зор. Өйткені, олар бәскелестік рухта тілді терең меңгеруге талпынады. Менің ойымша, біздің университетте тілдік емес мамандарды дайындаудың үздіксіз тұрақты үлгісі қалыптасқан», – деді Бейбітнұр Қапарқызы.