С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің туризм кафедрасының студенттері Әлия Тукуева мен Анастасия Сасько «Павлодар облысындағы белсенді туризмді дамытудың беталысы мен келешегі» ғылыми жобасын республикалық «Ғылым шарайнасы» байқауына ұсынып, жүлделі бірінші орынға ие болды.

Қыздар «KazGeoTour» мобильді қосымшасы мен «PavGeoTour» жол сілтеушісін жасап шығарды. Олар бұл жоба аясында Ертіс өзені бойымен (Лебяжі ауданынан Павлодар қаласына дейін) төрт күндік жүзіп өту қызметін жеке есепке алған. 

Байқауға ұсынылған жұмыс нәтижесі Корей Республикасы Үкіметі, Корей Ұлттық географиялық ақпараттық институты, Павлодар География үйі қоғамдық бірлестігі, Парашюттік спорт федерациясы мен басқа да ұйымдардың қолдауымен GeoTwo компаниясымен серіктестік жұмыстарына қолданылатын болады. 

Бұдан өзге, айтулы жоба «IT технология саласындағы идеялар» облыстық байқауында үздік деп танылды. 

Әлия Тукуеваның айтуынша, облыстың тиімді географиялық жағдайы, Астана қаласына жақындығы, мәдени-тарихи және табиғи ескерткіштердің болуы Павлодар облысының туристік мүмкіндіктерінің жоғары екендігін айғақтайды. 

«Менің ойымша, өзен туризмінің мүмкіндіктері толыққанды қолданылмай келеді. Өзен бойымен жүзу – белсенді демалысты қалайтын жандарды қызықтыратын туристік бағыттардың бірі. Павлодар облысында Ертіс өзені бойында көптеген елді мекендер орналасқан. Бұл да туристерді қабылдауға ыңғайлы. Ал біз жасаған «KazGeoTour» мобильді қосымшамыз демалушыларға ішкі және сыртқы бронь жасауға мүмкіндік береді, мәдени-тарихи ескерткіштер туралы толық ақпаратқа қанық етеді», – дейді А. Тукуева.