С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы ауылшаруашылық мамандығы бойынша халықаралық пәндік олимпиаданың жүлдегерлері атанды.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен олимпиадада ПМУ-нің намысын екі команда қорғады. 

Білім додасына «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша агротехнологиялық факультеттің декан орынбасары, а.ш.ғ.к., қауымд. профессор Жастілек Уахитовтың жеткшілігімен Аида Нұрпейісова, Алтын Смаил, Әйгерім Темірхан және «Агрономия» мамандығы бойынша магистр Құмарбек Орымбаевтың жетекшілігімен Нұрғизат Фаткулина, Ақылжан Нығметұлла, Диана Мұратхан қатысты.  

Сайыста Қазақстанның алты және Ресейдің төрт қалаларының жоғары оқу орындарынан он сегіз команда бақтарын сынады. Өз кәсібінің үздіктері бас қосқан олимпиадада ПМУ студенттері қанжығаларына жүлделі орындарды байлады. 

«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша сегіз команданың арасынан жалпы командалық есепте ПМУ студенттері бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Аида Нұрпейісова үздік көрсеткіштерімен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Мұнымен қоса, Алтын Смаил жеке есепте жүлделі бірінші орынға лайықты деп танылды. 

«Агрономия» мамандығының қатысушылары командалық есепте үшінші орныға қол жеткізіп, ал жеке есепте Диана Мұратхан бірінші орынға ие болды. 

«Осы сынды білім сайыстарында өте дарындыларды іріктеп, тануға және студенттің кәсіби білігін анықтауға мүмкіндік аламыз. Олимпиаданың екі кезеңінде де тапсырмалар өте күрделі болғанына қарамастан, студенттер жүлделі орындардан көрінді. Бұл өз кезегінде профессор-оқытушылар құрамының болашақ АӨК мамандарын дайындаудағы деңгейінің жоғары екеніне айғақ болады», – деді Жастілек Жұмабайұлы.