С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Foundation» факультетінің білім алушысы Қуанышбек Исламов бокс бойынша сайыстардан күміс жүлдеге ие болды.

Бокстан VIII ашық турнирде Ресей Федерациясы, Моңғолия, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының кіл мықты боксшы студенттері сайысқа түсті. Былғары қолғап шеберлері додасында жас спортшылар әр деңгейдегі салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. 

Бұл жарыста Қуанышбек Исламов 81 кг салмақ дәрежесінде екінші орынмен қанжығасын майлады. 

«Foundation» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сәуле Ксембаеваның мәлімдеуінше, факультеттің шетелдік тыңдаушылары білім алумен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен белсенді айналысуды құп көреді. 

«Бұл сайыстарда Қуанышбек факультеттің намысын лайықты қорғап шықты. Оның жеңісі басқа жастарға спортта да өмірде де берілмеуге әрі жеңіске деген ерік-жігер танытуға үлгі болмақ. Қуанышбектің бұл жүлдесі – алғашқы жетістігі емес. Ол бокспен бала кезден айналысып келеді», – деді Сәуле Камалиденқызы.