С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде облыстық «Student talents – 2017» байқауының финалы өтті.

Ақсу, Екібастұз, Павлодар қалаларының өнерпаздары әр алуан шығармашылық бағытта үздік екенін дәлелдеу үшін сайысқа түсті. Ал, көрермендер өнерлі де  талапты жастардың шығармашылықтарына куә болды. 

Шараны ұйымдастырушылар – жастар ісі жөніндегі комитет белсенділерінің мәлімдеуінше, студенттер концерттік нөмірлеріне  хореографтар мен режиссёр жетекшілігімен бірнеше апта бойы қызу дайындық жасаған. 

Орындаушы өнерпаздар өздерінің шығармашылық шеберліктерін көрермен назарына барынша ерекше, көркем жеткізуге тырысып бақты. Сондықтан да, С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің жетекшілігімен төрелік еткен әділқазылар алқасына үздіктердің үздігін  таңдау қиынға соқты.      

Қонақтар мен қазылар алқасы қатысушылардың өнерлерінің сан алуандығы мен әсерлілігіне разы болды. Өнерсүйер қауым терең поэзияға, көркем биге және әуезді ән мен күйге қанықты.   

Актерлік шеберліктерімен көзге түскен «Мұрагер» шығармашылық бірлестігінің мүшелері, Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері өнер сайысының бас жүлдесін жеңіп алды. 

Байқаудың жаңашыл бағыттағы сәтті музыкалық қойылымы «Ассорти» триосының өнері болды: қазақтың домбырасы мен африкалық джембе дағырасының бір әуенде тоғысуы өнерсүйер көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады. Орындауларындағы керемет шеберлігі мен креативті қадамдары үшін олар қанжығаларын бірінші орынмен майлады. 

Екібастұз қаласынан келген  «Street Workout»тобының өнері  жиылғандардың көзаймы болып, байқаудың күміс жүлдесін иеленді. 

Ал, музыкалық колледж студенті  Алексей Лодочников пен С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің «Foundation» факультетінің білім алушысы Досжан Мұратбек үшінші орынды өзара бөлісті.