С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті.

1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілістің «ақтандақтарын» талқылап, көтерлісітің негізгі мәселелерін сараптауға С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттері мен магистранттары дөңгелек үстелге бас қосты. 

«1916 жылғы көтерілісті тарихшылар бұрындары жергілікті деңгейде қарастырды. Шын мәнінде, бұл тарихи оқиға жалпыұлттық мағынаға ие болды. Көтеріліс барысында  1,5 миллион адам қаза болады. Жалпы, көтерілістің себептері мен зардаптарын  объективті түрде анықтау қажет», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Сәуле Мамытова. 

Т.ғ.к., қауымд. профессор Қайрат Батталов өз баяндамасында Жетісу өңіріндегі көтеріліс туралы айтылмаған фактілерді, бейбіт тұрғындарды, әйелдерді, балалар мен қарттарды ұрып-соғу турасында  жаңа деректерді жария етті.

«500-ге жуық ауыр жарақаттанған адамдарды өлілермен бірге тірідей көмген. Өздерінің арын сақтап қалу үшін қыздар жардан секіріп өлді. Бұл оқиға Қазақстанның түгелге жуық аймақтарында болды. Көтеріліске Ертістің Павлодар өңірінің тұрғындары да қатысты. Павлодар уезінің көтерлісшілері 21 қыркүйектен 3 қазанға дейін Алғабас шатқалында жазалаушы жасақпен шайқасқан болатын», – деді Қайрат Қанатұлы.

Пікір таласттың қорытындысын түйіндей келе, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Зулейха Марданованың айтуынша, 1916 жылғы көтеріліс Қазақстан тарихындағы жаңа белеске – түбегейлі өзгеруге, жаңа кезеңнің бастамасына баланды.

«Қазақтар бұл жаңа кезеңге ұлттық санамен, өз елінің тағдырын өздігімен шешуге талпыныс жасаумен, саяси үрдістерге белсенді атсалысуымен ене бастады. Бұл оқиғалар әлемнің басқа да бөлігіндегі отарлауға қарсы қозғалыстармен сай келіп жатты», – деп бөлісті ойымен Зулейха Жңісқызы. 

Қатысушылар кездесуді тарихи маңызды 1916 жылғы ауқымды оқиғаларды барша отарланған Азия тарихы шеңберінде қарастыру қажет деген пікірмен түйіндеді.