С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор  Арман Ақышев конференция қатысушыларын құттықтады: 

«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы тарих беттеріне сырғып кете барады. Қазақстан төрткүл дүниеге ұлттар достығы мен конфессиялар арасындағы бірлігімен мақтана алады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың сындарлы саясаты да халықтардың, ұлттар мен ұлыстардың татулығын мұрат етеді. Қазақстан алғаш Тәуелсіздігін алған жылдардан бері бірлік пен жасампаздықтың даңғылын салып, жаһанға үлгі болып келеді», – деді Арман Айтмұхаметұлы. 

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының философия бөлімі меңгерушісі, филос.ғ.д., доцент Аяжан Сағиқызы (Алматы) өз сөзінде Қазақстан халқының құндылықтары мен мұраттары   туралы баяндап берді. 

Конференция жұмысы барысында сарапшылар мен ғалымдар тарихи әділдіктің орын алуы және басқа да  тақырыптар аясында еліміздің басты даму кезеңдерін  талқылады. 

Кездесуде жиылғандардың ескеруінше, конференция білім әрі тәжірибе алмасуға және тарих ғылымының дамуына күш біріктіруге бағытталған диалогтық алаң болды. Жиынның ресми бөлімінен кейін талқылаулар секциялық отырыстарда жалғасын тапты.