Жуырда Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрында әлеуметтік маңызы зор «Адасқандар» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер қатарында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері де болды.

Қойылым бүгінгі қоғамдағы өткір де өзекті тақырыптардың бірі – діни радикализмнің шындығын және жастардың өміріне тигізіп жатқан қауіпін айқын бейнелейді.

Пьеса Кеңес Жұмабековтың шығармасы негізінде саханланды.

Қойылым радикалды діни ағымдардың шынайы бет пердесін ашуды, жалпы адами әрі ұлттық құндылықтарды жас жеткіншектер өмірін құрдымға кетіретін жалған сезімге алмастырмауды жас ұрпаққа жеткізуді мұрат етті.

Айтулы қойылым студенттерге оң ықпал етіп, олардың танымына да әсер еткені айқын. Бірінші курс студенті Нұралы Ахметов қойылымнан алған әсерімен бөлісті: «Бүгінгі қойылым жан дүниеме әсер етті. Актерлер ойынының шынайлығы соншалықты, кейіпкерлер бейнесіне өзім еніп кеткендеймін. Біздің Отанымыздың бірлігіне еш қатысы жоқ теріс ағым шырмауына кімде-кімнің оңай байланатынын түсіндім».

Өз кезегінде, екінші курс студенті Әлімхан Данахан қойылымнан кейінгі ойын былай өрбітті: «Кез келген ана, отбасы, жалпы, еліміз үшін біздің азаматтарымыздың жалған құндылықтар үшін Сирия соғысында өз өмірлерін құрбан етіп жатқаны үлкен ауыртпалық, қасірет саналады. Менің ойымша, осындай әлеуметтік мәселелерді қойылымдар арқылы насихаттап, жүректерге жеткізу – сауапты іс».