С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қоры» КҚ дирекция жетекшісі Асылхан Асылбековтың жетекшілігімен «Трансшекаралық Ертіс өзеніндегі ихтиофаунаның биологиялық алуантүрлілігін сақтау» тақырыбында семинар өтті.

Бұл ғылыми кездесуде модераторлық қызметті б.ғ.д., профессор химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы Қанат Ахметов атқарды.

Семинарға жиылғандар Павлодардағы суды пайдалану ерекшеліктері турасында мәселелерді қозғады. Жиылғандар су ресурстарының экожүйесі қызметінің экономикалық механизмін талқылады. Және де Ертіс өзенінің орта ағысындағы гидробақылау орны бойынша ақпараттар беріліп, биоалуантүрлілікті сақтау және өзеннің өнімділігін арттыру үшін инженерлік шешімдер қаралды.

Спикерлер ретінде қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын пайдалану бойынша мамандар, су ресурстарын қолдану және қорғау жөніндегі сарапшылар, Павлодар облысының экология департаменті мен басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Б.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ қауымд. профессоры Александр Убаськин өз баяндамасында антропогендік фактордың ықпалынан орта Ертіс бассейніндегі су қоймасының биоалуантүрлілік трансформациясының экологиялық қауіпі туралы өзекті мәселені тарқатты. Александр Васильевичтің мәлімдеуінше, бірнеше ұрпақтың алдында Қазақстанның ең ірі өзендерінің бірінің ихтиофаунасы қатты өзгерістерге ұшыраған. Профессор судың ластануы, су құрамының өзгеруі, су алқаптарындағы өрт және браконьерлік сынды негізгі факторлар Ертіске теріс әсер ететінін айтады.