С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен Strategy Partners Group президенті Александр Идрисов келді. Ол өзінің дәрістерін идеялардан бизнес-кейстерге дейінгі даму стратегиясына арнады.  

Бірінші кезекте ол С. Торайғыров атындағы ПМУ-індегі дамып жатқан инновациялық саладағы үлкен өзгерістер туралы айтып өтті. А. Идрисовтің айтуынша, ПМУ платформасында жүзеге асып жатқан стартап-академияның жұмысы – облыстағы инновациялық шешімдердің табысты іске асуына зор түрткі болады.

Александр Идрисов стартап-академия жобасы ұзақ мерзімді ынтықмақтастық стратегиясы шеңберінде Павлодар өңірі мен университет басшылығы тарапынан  қолдау тауып отырғанына ерекше назар аударды. 

«Шын мәнінде, студенттік өмірдің басты аймақтық орталығын басқарып отырып, өздеріңізге үлкен жауапкершлік алып отырсыздар. Мен студенттердің көптеген қызықты идеяларымен таныстым. Мұның да маңызы зор», – деді Александр Идрисов.

Қонақ ПМУ студенттерінің ұсынған стартап-академия жобаларының болашағы зор екенін ескеріп, нәтижелі еңбек етудің арқасында жобалар өз орнын табатынына сенім білдірді. 

Кәсіпкер ретінде Александр Идрисов жастарға алға қойған мақсаттан таймай, төзімділік танытуға кеңес берді. Ол өз сөзінде жарты жолда құлап, қайта тұруға жігер тауып, оңтайлы шешім таба алатын авторлардың ғана жобалары табысты әрі өміршең болатынын қадап айтты.