С. Торйағыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің әскери кафедрасына биыл 55 жыл толды.

Жиылған қауымды жән жеке құрамды Павлодар әскери горнизоны атынан Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Руслан Ниеталиев құттықтады. «Әскери кафедрадағы қызмет – өз мамандығының қажеттігіне шексіз сенім артатын адамдардың ынталы, ықтиятты және жауапкершілігі мол еңбегі. Сіздер атқарып жатқан жұмыс әскери қызметтің мәртебесін өсіруде», – деді Руслан Шәріпұлы.

Сондай-ақ, қонақтарды Павлодар қаласының әскери-техникалық мектебінің басшысы, запастағы полковник Омарбек Айтжанов, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Гаухар Ахметова және басқалар құттықтады.

Әскери кафедраның болашағы мен даму жолындағы жоспарлар туралы подполковник Сәбит Шинтеміров баяндап, кафедраның жарты ғасырдан астам уақытында 5000-нан астам офицерлерді дайындағанын ескеріп өтті. «Бүгінгі күні С. Торайғыров атындағы ПМУ әскери кафедрасы жаңарып, көркейе түсті. Ал, жаңа оқу бағдарламасының жүзеге асуының тиімділігі – ол қыздардың әскери мамандықтарды игеру мүмкіндіктері. Біздің кафедраға түскен 600 студенттердің 200-і қыздар. Әскери кафедраның жарты ғасырдан астам ғұмырлық тарихында мұндай дерек алғаш болып отырған жайы бар», – деді Сәбит Мұқашұлы.

С. Шинтеміров әскери кафедраның курсанттары Алия Тукуева және Алима Сүлейменнің «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында жүлдемен оралғанын айтты. Алия АК-74 автоматын 9-10 секундта жинап-шашудан үздік болды. Ал, Алима күш жаттығуларын орындау барысында үздік үштіктен бой көрсетіп, университет намысын лайықты қорғады.

Жиылғандар кафедраның 55 жылдығы құрметіне ағаш отырығызды. Және де, студенттер патриоттық әндер орындап, әскери дайындықтарын, қабілет-қарымын көрсетті.