С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен Campus France Kazakhstan бюросының білім үйлестірушісі Ирада Арипова келді.

Campus France – шетелде француздық жоғары білім алуды алға жылжытумен, насихаттаумен айналысатын француздық мемлекеттік агенттігі.

Кездесуде қонақ Францияның жоғары оқу орындарының бағдарламалары туралы сөз етіп, жазылу рәсімдері, жол сапарды қаржыландырудың жолдары, визаның түрлері мен визаны алу туралы баяндап берді.

Ирада Арипованың мәлімдеуінше, Франция шетелдік студенттерді білім алу мақсатында қабылдау бойынша үшінші мемлекетт, әрі мұнда білім алудың артықшылығы басым. – Францияда білім алудың бір артықшылығы – жоғары білім беру жүйесінің қолжетімділігі. Францияда білім алу тегін екенін екінің бірі біле бермейді, – дейді И. Арипова. – Бүгінде біздің бюро қазақстандық студенттерге Францияның жоғары білімі бойынша мамандануына көмектесіп, мамандандырылған орталықтардағы тілдік курстарды ұсынып, құжат рәсімдеуге қолдау көрсетеді.

Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ақмарал Қайырбаеваның айтуынша, білім және ғылым кеңістігінде университеттердің ынтымақтастығын дамыту мақсатында үйлестіру және бірлескен жұмыстарды тиімді атқаруға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы екі жақ келісімге келді.