С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің есептеу техникасы және бағдарламалау кафедрасының аға оқытушысы Асия Саринова А.Ф. Терпугова атындағы «Ақпараттық технологиялар және математикалық модельдеу – 2016» халықаралық конференциясында (РФ, Томбы қ.) жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары байқауының жеңімпазы атанды.

Бірненше күн бойы қатысушылар ақпараттық технологиялар, математикалық модельдеу тақырыбында баяндамалар оқып, дөңгелек үстел барысында ғылыми зерттеулері туралы пікір алмасып, еңбектерінің өзектілігін талқылады. 

Конференцияның мақсаты – дарынды жастарды жігерлендіру, жас ғалымдарды қолдауға, жаңа ғылыми серіктестіктерді құруға, болашақ әріптестер арасындағы байланыстарды орнатуға жол салу. Ал маңыздысы, шара ТМД және алыс шетелдер  арасындағы ғылым-білімнің біртұтас кеңістігін сақтауды және дамытуды көздеді. Өйткені, бұл конференция Қазақстан, Белорус, Италия, Голландия, Германия ғалымдарының басын қосты. 

Жас ғалым өз жобасында жүздеген гигабайттан тұратын аэрокосмикалық бейнелер мен мағлұматтардың үлкен көлемін сапасын құртпай әрі жылдам қабылдауға, тіркеуге, өңдеуге, мұрағатқа тіркеуге, таратуға мүмкіндік беретін алгоритмдерді ұсынды.     

А. Саринова байқау сараптамасының қалай өткені туралы былайша өрбітті:  «Барлық жұмыстар екі кезең бойынша сараланды. Сарапшылар жобаларды балдық жүйемен бағалап, кейіннен шорт-парақ толтырылды. Осылайша РҒА мүшелерінен тұратын әділқазылар мен профессорлар жеңімпазды анықтады. Жас ғалымдардың бүгінгі мойындалуы – бұл олардың келешегіне бағдар беретін жол».