2016 жылғы 10 қыркүйек күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басшылығы, оқытушылары мен бірінші курс студенттері демалыс күндерін салауатты өмір салтын қалыптастыруға жұмсады.

Спорт мерекесі салтанатты жиыннан басталды. Спорттық сайыстар алдында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Көпшілік көтеріңкі көңіл күймен жарыс алаңына аттанды.

Бұл күні барша жиылғандарды алуан түрлі байқаулар бағдарламасы, табанды күреске толы сайыстар мен эстафеталардан тұратын спорттық бәйгелер күтіп тұрды. Ұйымдастырушылар дайындаған тартысты ойындар бұл күнгі спорт мерекесінің қызықты да тартымды өтуіне сеп болды. 

Жарыс алаңына әр факультеттен бір командадан шықты. Студенттер кедергілер алабын еңсеріп, арқан тартты. Бұдан өзге, денсаулық күнінің бағдарламасына волейболдан, футболдан, гир көтеруден, армрестлингтен және басқа да спорт түрлерінен додалар енді. 

Сайыстар спорттық рухта өтті. Өз командаларына қолдау көрсеткен жанкүйерлердің арқасында қатысушылардың жеңіске деген ұмтылысы,  жігер-күші арта түсті.