С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өкілдері дуатлонға қатысты. Бұл 25 шақырымға созылған спорттық жедел марш Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Жүгіру бағыты «Сарыарқа» қонақ үйінен бастау алып, 10 шақырым созылып жатқан Торайғыров және Кутузов көшелерімен айналма айырыққа дейінгі жолды алып жатты. Бұл бағыт арнайы есеппен таңдалды. Өйткені, жолда қаламыздың көрікті жерлері – Баян батырдың, ағартушы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ескерткіші, Шоқан Уалиханов пен Григорий Потанинге арналған мүсіндік композициясы, Мемлекеттік символдар алаңы, Мәшһүр Жүсіп мешіті, Малайсары батыр және Жүсіпбек Аймауытұлының ескерткіштері бой көтерген.   

10 шақырымды жүгіріп өткен әуесқой спортшылар велосипедке ауысып, аэропортқа дейін және Ж. Аймауытов атындағы театрға дейінгі кері жолды алып жатқан 15 шақырымды велосипедпен жүріп өтті. 

Бұл спорттық жедел маршта С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 60-қа жуық студенттері өз күштерін сынап көрді.