С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен ЭКСПО-2017 көрмесінің волонтерлары «Чернояр маржаны» демалыс үйінде өткен «Open languages» лингвистикалық лагеріне қатысты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ және Павлодар облысы жастар саясаты жөніндегі жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйытқы болған лагерьде студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерді. 

Табиғат аясында өткен сабақтарды С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары  жүргізді. Лингвистикалық лагерьде студенттерді ойын, тренингтер, квест ойындар мен кинолекториялар және т.б. технологиялар арқылы шет тілдерін жедел үйретудің бағдарламаларымен оқытты. Бұл бағдарламалар жастардың қысқа уақыт аралығында қажетті ақпараттқа қанық болып, сөздік қорларын байытуына мүмкіндік берді.  

– Студенттер арасында бәскелестікті арттыру мақсатында сабақтар ойын түрінде өтті. Тілді ойын арқылы игеру – педагогикалық тиімді шешім. Өйткені, мұны лагерьге қатысушылардың көңіл-күйінен әрі олардың тілді меңгеруге деген ынтасынан аңғаруға болады, – деді «RusTeam» тобының капитаны, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Рустам Жұмабеков.