С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Business Days Pavlodar халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Университетпен таныстық С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың электр және жылу энергетикасы, агротехнология, микробиология, машинажасау және басқа да салалардағы инновациялық өнертабыстардың тұсаукесерлерінен басталды. 

Дөңгелек үстел барысында қонақтар Селиконды алқаптың белгілі сарапшысы Алексей Кролдың (АҚШ, Калифорния, Санта-Круз қ.) қатысуымен  жүзеге асып жатқан жоғары оқу орнындағы кәсіпкерлікті дамыту концепциясы туралы талқылады. 

Форумның ресми бөлімінде ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова, «Даму» қорының басқарушы директоры Нұрлан Ақшанов, Enactus Kazakhstan президенті, филос.ғ.д., ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Альбина Ержанова, «Технологияларды коммерцияландыру кәсіпқойлар Альянсы» ҚБ президенті Әбділда Шаменов, «Болашақ» ассоциациясы, Павлодар облысы бойынша ұлттық кәсіпкерлер палатасының және ҚР ЖОО  өкілдері өз баяндамаларын ұсынды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің пікірінше, кәсіпкерлік бағытты ұстанатын жоғары оқу орны студентті кәсіпкерлікке баулу мақсатында қолданбалы, бағдарлы білім беруді көздеуі тиіс.  

«Оқытушыларына жақсы еңбек ақы төлей алатын жеке экономикалық тиімділігі басым кәсіпкерлік бағыттағы университеттер халықаралық жоғары беделге ие, сондай-ақ,  қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті жаңа мәдени ментальдігін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтып өткен болатын», – деді Арын Амангелдіұлы. 

Форум шеңберінде өңірлік стартап академиясының ресми ашылуы болды. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов академияның ашылуымен құттықтап, жас кәсіпкерлердің жұмысына шығармашылық табыс тіледі. 

Форум алаңында жас стартапшылар Demo Day бизнес жобалар маркетінде өз жобаларын ұсынды. Бұл жұмыстың нәтижесінде инвесторлар «Koum_ice», «Пончита», «Люмобетон», «Асао» футбол мектебі, «Frozen Yogurt» және басқа да бизнес-идеяларға қызығушылық танытты. 

Сонымен қатар, бизнес күндері аясында Павлодар қаласының мектеп және колледж оқушыларына арналған бизнес-идеялар чемпионаты, «Кемел Кәсіпкер» бизнес-кейстер республикалық чемпионаты, «Enterprise`s solutions» байқауы және өңірлік стартап академияға жобаларды іріктеу кезеңі өтеді деп көзделуде.