С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Мереке барысында Павлодар мемлекеттік университетінің әйелдер қауымы ер азаматтарды әуезді әндерімен, әдемі әзілдерімен, әсерлі өнерлерімен құттықтады. 

Бұл күні нәзік жандылар ер азамат өкілдеріне ән-жырдан шашу шашып, әзіл-қалжыңмен мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ойын-сауық бағдарламасы байқаулар мен викториналық ойындармен жалғасын тапты. Әр факультет өз өнерлерімен әріптестерін қуанышқа бөледі.

Ал гуманитарлық-педагогикалық факультеттің қыз-келіншектерінен құрылған «ФИ ФА» футбол командасының құттықтауы жиылғандардың езуіне күлкі ұялатты. Олар өздерінің құттықтауларында футболдық шеберліктерімен қоса әріптес азаматтарға жүрекжарды лебіздерін арнады.

Бұдан өзге, академиялық жұмыс жөніндегі проректор, философ.ғ.к. Гаухар Ахметованың ер жігіттерге арнаған тартуы – фортепианода ойнаған өнеріне көрермен зор ықыласпен қошемет көрсетті. 

Бұл күнгі сахна төрінде шырқалған ән де, би де, қалжың да бәрі Отан қорғаушыларға арналды. Сондай-ақ, жігіттер құрметіне мерекелік дастархан жайылып, ақ тіліектер айтылды. 

Мерекелеріңіз құтты болсын, Ер азаматтар!