С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша Республикалық пәндік студенттік олимпиада өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенттері 2015 жылы пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанып, биылғы жылы олимпиаданы өз шаңырағында өткізу құқына ие болған.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев білім бәйгесінің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Университет басшысы Павлодар мемлекеттік университетінің барлық салаларында көптілділік жүйесін енгізіп жатқанын сөзге тиек етті. 

– Әсіресе, университеттің халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасуын және көшбасшылық пен кәсіпкерлік бағытты дамытуды көздеген стратегияны жүзеге асыру барысында біз үш тұғырлы тілді дамытуға барынша күш салудамыз. Өйткені, біз студенттерімздің Мәшһүр Жүсіптің, Лев Толстойдың еңбектерін түпнұсқада оқуымен қатар Чарльз Диккенс пен Оскар Уайльдтің де туындыларымен түпнұсқасында таныс болғанын қалар едік, – деді университет басшысы.

Бірінші күні қатысушылардың орыс тілінен, екінші күні орыс әдебиеті бойынша жазбаша сауаттылықтары сыналып, шығармашылық байқаумен қорытындыланды. 

Жалпыкомандалық есепте олимпиаданың алтын жүлдесін М. В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалынан келген команда қанжығасына байлап кетті. 

Ал С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті күміс жүлдені өзара бөлісті. Үшінші орын М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасына бұйырды. 

Бұдан өзге, қонақтар орыс әдебиетінің класигі, жерлесіміз Павел Васильев пен Анастасия Цветаеваның мұражайларына барып, олардың шығармашылығы мен өмірі туралы көптеген мәліметтерге қанық болды. Мұнымен қоса, олар Наум Шафердің мұражайында да қонақ болып, музейдің ерекше пластинкалар топтамасымен танысып, орыс поэзиясының көрнекті қайраткерлерінің дауыстары мен Есенин мен Маяковскийдің таспадағы дауысын тыңдау мүмкіндігіне ие болды. 

Сонымен қатар, М. В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының профессоры, филология ғылымдарының докторы Т.В. Кривощапова олимпиада күндері студенттерге, магистранттар мен оқытушыларға орыс әдебиетінің модернизмі тақырыбы бойынша дәріс оқыды.