С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің металлургия, машинажасау және көлік факультетінде екі күн бойы Наурыз мерекесін тойлады.

Мерекенің алғашқы күні кафедраларда ұлттық бұйымдар мен дәстүрлерді насихаттау мақсатында көрме, қабырға газеттерінің байқауы өтті.

Ұлттық көрмені безендіруде механика және мұнай газ ісі кафедрасы үздік деп танылды. Ал қабырға газеттердің сайысында көліктік техника және логистика кафедрасы жеңімпаз атанды. 

Наурыз тойдың келесі күні мерекелік концерт өтті. Наурыз думанда наурыз жырлар мен әндер айтылды. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер тойдың сәнін келтірді. Сондай-ақ, студенттер мен оқытушылар ұлттық дүниетаным, салт-дәстүрлерді тануға бағытталған танымдық әрі ұлттық ойындар ойнады. Әр кафедраның өнерлері әділқазылардың сынынан өтіп, бағаланды. 

«Машинажасау және стандарттау» кафедрасы ең үздік салт-дәстүрлер қойылымдары бойынша бірінші орынды иеленді.

Дәл осы кафедра ең өнерлі ұжым болып танылып, бас жүлдені және факультет деканының өтпелі Кубогын қанжығасына байлады. 

«Біздің факультет наурыз мерекесінің рухын студенттердің бойларына сіңіру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде тойлап келеді. Өйткені, Наурызды тойлаудың терең мағынасы бар. Бұл мейрам – мейірім, кешірім, адалдық, тазалық, қайырымдылық сынды ізгі қасиеттерден бастау алады. Осы асыл құндылықтарымызды жастарға сіңіруіміз керек», – деді С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультетінің деканы Төлеуғазы Тоқтағанов.