С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Конфессияаралық қарым-қатынастардағы Қазақстан Республика-сының саясаты» атты дөңгелек үстел өтті.

Павлодар мемлекеттік университетінің жас мемлекеттік қызметкерлер мектебінің алғашқы қарлығаштарының мұрындығымен өткен дөңгелек үстелге Павлодар облысы дін істері басқармасы мен облыстық дін істері басқармасы жанындағы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталағының өкілдері қатысты. 

Кездесу барысында Қазақстандағы діни жағдай, жастар арсындағы діни сауаттылықтың маңызы туралы сөз қозғалып, қатысушылар студент жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселелерін талқыға салды. 

Павлодар облысы дін істері басқармасының басшысы Дәулет Закариянов қазіргі таңдағы дін саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, олардың жастарға ықпал ететін қауіптерін баяндап берді. Ол өз сөзінде жастардың діни сауатын ашу қазіргі уақыттың өзекті мәселелерінің бірі екенін айтып, бұл мәселеге немқұрайлы қарамау керектігін жеткізді. 

Сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасы жанындағы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталағының теологы Рауан Чингужановтың баяндамасы студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Өйткені, баяндамашының діни сауаттылық мәселесіне қатысты танымды әңгімесі жастардың қоғам қауіпсіздігін басты нысанаға алатыны туралы ой түйіндеуіне түрткі болды.

Жиылғандар этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынас мәселелері бойынша талқылау жүргізді. «Біздің зерттеулер жастар арасындағы діни сауаттылық мәселесі бойынша көптеген көкейкесті тұстар бар екенін көрсетті. Осыған байланысты, бірінші кезекте біз жастарға теріс пиғылды діни ағымдардың жасырын насихатына объективті баға бере алуы үшін ислам дініне дұрыс түсініктеме беруіміз керек. Қазақстан үшін маңызды құндылықтардың бірі – халықтар арасындағы төзімділік және түсіністік, бір шаңырақтың астында тату ғұмыр кешу. Осы жөнінде Мемлекет басшысы көп жылдан бері айтып келеді. Елбасының бұл ойына біз толықтай келісеміз», – деп С. Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Майра Қожамжарова Қазақстан Республикасы жастары арсындағы діни сауаттылық мәселелерін саралап берді.