С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қыспен қоштасу мейрамын тойлады.

Қыспен қоштасу – славян халықтарының пұтқа табынушылық заманынан келе жатқан қыс мезгілін шығарып салу мерекесі. Жеті күн бойы тойланатын бұл мейрамда халық көңіл көтеріп, ән салып, би билеп, әзілдер айтады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың бас фойесінде орыс халқының бай дастарханы жайылып, қонақтарға бұл мерекенің бас тағамы – құймақ таратылды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармониясының жас таланттары масленица апталығының әрбір күнін театрландырып көрсетіп, мерекелік кешті қызықтыра, жандандыра түсті. 

Студенттердің орындауындағы әуезді әуендер мен ерекше қойылымдар мерекенің сәнін келтіре түсті. Мұнымен қоса, студенттер мен оқытушылар арасында мереке тарихы мен көне ырымдар, жұмбақтарды шешуге арналған викториналық ойындар ойналды. 

Қыспен қоштасуды тойлау қонақтардың орыс ұлттық тағамдарын, соның ішінде мерекенің нышаны саналатын алтын түстес жұқа құймақтардың дәмін татумен жалғасты.