Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Елбасымызбен ойымыз бір» атты қалалық мәнерлеп оқу байқауы өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ Жастар ісі жөніндегі комитеттің белсенділері ұйытқы болған көркемсөз шеберлері сайысына Павлодар қаласының мектеп оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері қатысты. 

Өнер сайысы оқушылар мен студенттер арасында қазақ, орыс және шетелдік әдебиетті насихаттау, олардың поэзияға қызығушылығын арттыру әрі мәнерлеп оқу өнері арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін таныту мұратын көздеді. 

Мәнерлеп оқу сайысы осымен екі жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы Ақбота Сарыбайдың мәлімдеуінше, биылғы жылғы байқауға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы Жолдауларының бірінде айтқан сөзі арқау болды. 

«Интернет кітапты алмастыра алмайды. Жақында мен «Кім кітапты көп оқыса сол интернетте отырғандарды басқаратын болады» дегенді оқыдым. Бұны да ескеріңіздер. Интернетке кіріп кеткендердің, кітап оқуы қалып бара жатқандай, – деген еді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев. Жастардың кітап оқуға, ғылыммен айналысып, олардың білім кеңістігін кеңейтуіне бүгінгі байқау септігін тигізіп жастса игі, – деді Ақбота. 

Мәнерлеп оқушыларды павлодарлық ақын әрі әдебиеттанушы Ольга Григорьеваның, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулинаның және «Орыс филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Гульвира Шаикованың төрелігімен әділ бағаланды.

Әділқазылардың ұйғарымымен байқаудың жеңімпазы С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Бәкіжан Кәкім атанды. Бәкіжан  туындының мәнін ашып, қария мен жастың дауысы мен бейнесін нақышына келтіре орындау арқылы актерлік шеберлігімен қазылар көңілінен шықты. Екінші орын иегерлері – ақын сезімі мен шабытын көрерменге шебер паш еткен Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Ердәулет Ергеш пен Ерлан Мұса. Үшінші орын Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Антон Вьюненко мен Павлодар бизнес колледжінің студенті Жаңбырбай Сүйіншіге бұйырды.

Павлодарлық ақын әрі әдебиеттанушы Ольга Григорьеваның айтуынша, қай заманда болмасын поэзия адам бойындағы асыл қасиеттер мен отансүйгіштік сезімдерді оятып келген.

– Шынайы патриотизм – ол атойлаған ұрандар емес. Ол – ақындардың өлең жолдарында бейнеленген сезімге толы Отанға, туған өлкеге деген махаббат. Сондықтан жастардың өлең жазып, өз ойын көпке жария еткенін құп көремін. Жастардың Отанына, жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілігі зор болуы мақсатында мұндай байқаулардың жалғасы болғаны жақсы. Келесі жолы павлодарлық ақындардың шығармашылығына арналған байқаулар өткізуге кеңес беремін, – деді Ольга Григорьева. 

Жеңімпаздар арнайы дипломдар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал байқауға қатысушылардың барлығы алғыс хаттар мен құнды сыйлықтарға ие болды.