С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Жоғары бiлiм беру саласындағы саясатқа шолу жасау» жобасы щеңберінде халықаралық сарапшылардың далалық зерттеулерi өтті.

Өңірлік білім беру стратегияларын табысты жүзеге асырудың тежеуші факторларын анықтауды көздейтін зерттеу жұмысын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫжДҰ) халықаралық сарапшылар тобы жүргізді.

Сарапшылар тобы құрамында, атап айтсақ: Батыс Сидней университеті вице-канцлерінің орынбасары және оқу жұмысы жөніндегі проректоры Дэниз Киркпатрик (Австралия), Жоғары білім беру секторының басшылық етуші тұлғалары Қауымдастығының Құрметті Президенті Пол Эуген Линенфелтер (АҚШ),  ЭЫжДҰ  тұрақты мүшесі және Білім және дағдылар директораты саясатын құру және енгізу бойынша ұсынымдар бөлiмiнiң кеңесшiсi Мари-Амели Франсуас Сэр (Франция), Дүниежүзілік банктің жоғары білім беру саласындағы сарапшысы  Джейсон Аллен Уивер,   сонымен қатар, «Жоғары бiлiм беру саласындағы саясатқа шолу жасау» жобасы, «Ақпараттық-талдау орталық» АҚ өкілі Дана Абдрашева (Астана) болды.

«Жоғары бiлiм беру саласындағы саясатқа шолу жасау» жобасы Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесiн талдауға және оны жетiлдiру үшiн ұсынымдарды жасауға бағытталған.

Сапар барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басшыларымен, декандарымен, профессор-оқытушылар құрамымен, студентер және жұмыс берушiлерiмен фокус-топтар өтті.

Осы кездесуде Қазақстандағы жоғары бiлiм дамуының негізгі аспектілері болып білім қолжетімділігі, басқарылуы, қаржыландыру, сапаны қамтамасыз етуі, бiлiм, ғылым ықпалдастығы және инновациялар мәселелері талқыланды. Еңбек нарығының қажеттiлiктерiне сәйкес жоғары бiлiм жүйесi ерекше назарға алынды.  

«ЭЫжДҰ стандарттарын енгізу Қазақстанның әлемнің дамыған 30 ел қатарына кіруінің маңызды индикаторы саналады. Осындай зерттеулер біздің мықты және әлсіз тұстарымызды көрсетіп, осы жолдағы мүмкіндіктеріміз бен қиындықтарымызды анықтап, болашаққа жоспар жасауға септігін тигізеді», – деді С. Торайғыров атындағы ПМУ стратегия және сапаны бағалау департаментінің директоры Серік Ілиясов.