С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің көңілді тапқырлар клубы командалары қанжығаларын жүлделермен толықтыруда.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Павлодар жастар құрамасы» жайдарманшылары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Кубогы сарапқа салынған жайдарман фестивалінде оза шауып, бас жүлдені еншіледі.

Сонымен қатар, «ПМУ құрамасы» командасы да Павлодар қаласы жоғары оқу орындарының он үшінші Кубогы бәске тігілген сайыста екінші орынға ие болды. 

«Павлодар жастар құрамасы» жоғары лигада төрт жыл қатарынан өнер көрсетіп, дүйім жұртты өз әзілдерімен баурап келеді. 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Кубогына жоғары лига мен примьер лиганың ең үздік топтары қатысты. Әкім Кубогына еліміздің 11 жайдарман командалары таласты. Фестивальдің құрметті қонағы ретінде қатысқан «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен өз сөзінде    С. Торайғыров атындағы ПМУ жайдарманшылары қоржынындағы жеңістері олардың жан-жақты өскенін айғақтайтынын айтты. 

Павлодар жастары құрамасының мүшесі Олжас Қоңыратбаевтың айтуынша, жайдарманшылар сайысына команда тың дайындықпен барған. 

– Қызылжар сахнасында осымен екінші рет өнер көрсеттік. Осыдан екі жыл бұрын Қызылжар орталық лигасының чемпиондары атағын алып кеткен болатынбыз. Биыл міне, облыс әкімінің Кубогын иелендік. Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қолдан бермедік, – дейді Олжас. 

Ал Павлодар қаласы жоғары оқу орындарының он үшінші Кубогына  С. Торайғыров атындағы ПМУ, ПМПИ, ИнЕУ-дің көңілді тапқырлар клубының командалары қатысты. 

Көңілді тапқырлардың өнерлеріне Еуразиялық лига чемпионы, «Сібір» КВН лигасының чемпионы Александр Мишанин, Омбы лигасының вице-чемпионы, Қазақстан ұлттық лигасының вице чемпионы, «Астана» КВН лигасының қола жүлдегері, Омбы қаласы губернаторы Кубогының жеңімпазы Азамамт Құрманбаев, «Ертіс» КВН аймақтық лигасының директоры және бас редакторы Александр Сорока қазылық етті. 

– Павлодар мемлекеттік университеті көңілді тапқырлар клубының әзілкештері осы жолғы өнерімізде қоғамда болып жатқан өзекті  мәселелерді қырағы әзілмен сынап ерекшелендік. Олар сахналық әзілдерімен көрермен мен әділқазылар алқасына тұщымды ойлар тастап қана қоймай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білдік, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ факультеттерінің құрама командасының капитаны Дмитрий Шевчук. 

Әзіл мерекесі соңында әділқазылар ИнЕУ-дің «Ничоси» командасының ойыншысы Салия Смаилова «КВН аруы», «Twix» ПМПИ ойыншысы Наржан Садық «КВН сұлтаны» атанды.