2015 жылдың 1 қыркүйегінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық Білім күніне орай салтанатты жиылыс өтті.

Биылғы оқу жылында екі мыңға жуық талапкер С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің студенті атанды.

Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, профессор Арын Өрсариев көпшілікті мерекемен құттықтап, Павлодар мемлекеттік университеті еліміздің ең үздік бес ЖОО қатарына енетінін және қазіргі студенттерге білім мен ғылым саласында мықты ғалымдармен жұмыс жасауына мүмкіншіліктер барын атап өтті. «Біздің университетіміз ынтымақтастық жайында Ресей, Еуропа және АҚШ-тың көптеген жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойғанымызды ерекше атап өткім келеді. Соның ішінде Брунел және Кембридж (Ұлыбритания), Мәскеу болат және құймалар институты, Колумбия университеті. Осындай ынтымақтастық сіздерге өз әлеуеттеріңіздің ашылуына және ойларынды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Арын Амангелдіұлы.

Салтанатты шарада «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Ғани Нығметов, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның президенті Арман Есенжолов, «ПМХЗ» ЖШС-нің әлеуметтік сұрақтар бойынша директоры Алтын Имантаева сөз сөйледі.

Сонымен қатар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық бағдарламаларды қолдау орталығының ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсімі аяқталған соң «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Ғани Нығметов университеттің оқытушылары мен студенттері, білім беру мен медицина саласының қызметкерлері, аймақтық БАҚ өкілдері үшін ақпараттық брифинг өткізді. Аталмыш брифингте 2016-2020 жылдарға арналған халықаралық «Болашақ» бағдарламасының дамуындағы басым бағытттары, дайындық кезеңдері мен президенттік бағдарлама бойынша әлемнің үздік ЖОО-да білім алу мүмкіндіктері талқыланды.

Руфина Торпищеваның фотосы