С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркі студенттердің зерттеу жұмыстармен айналысуына ықпал етіп, тың ғылыми жобаларды дүниеге әкелуде.

2005 жылы құрылған ғылыми-технологиялық парктің қызметі өндірісте ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу үшін университеттің әлеуетін қолдану және ғылыми зерттеулер мен зерттемелердің нәтижелерін пайдаға асыру үрдісінің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін инновациялық жобалардың жүзеге асыруға бағытталды. Сондай-ақ, парк жаңа инновациялық өндірістерді құруға көмектесуді, ғылыми-техникалық зерттеулерді қаржыландыруды, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің білім мен ғылыми-зерттеулік, тәжірибелік-өндірістік жобалардың нәтижелерін жүзеге асыруды және республика мен өңірдің экономика саласының дамуына үлес қосуды мұрат етеді.

2014-2015 оқу жылы «Ертіс» ҒТП бірқатар инновациялық жобалардың дүниеге келуіне себепші болды. «Жас ғалым» бағдарламасы аясында құны 2,4 миллион теңгені құрайтын 12 ғылыми-зерттеу жобаларының жұмысы аяқталды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауылшаруашылық машинажасау, заманауи білім алу құралдары, биология, құрылыс және экономика салаларында бірқатар жобалар дүниеге келді.

«Ертіс» ҒТП директоры Руслан Мұқановтың айтуынша, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркінде тың ғылыми жобаларды іске асырып келеді.

– Жақында С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, көлік және машинажасау факультетінің студенттері ауылшарушылығы техникасына арналған модульді дисктік тырманың жобасын жасап шығарды. Бұл тырманың ерекшелігі – жұмыс сапасын жоғалтпай, агрегат көлемін ұзарту арқылы жұмыстың көлемін де арттыруға мүмкіндігі бар, – дейді Руслан Батырбекұлы.

Студенттердің жасаған жұмысы Қазақстанда әлі өндірілмейді әрі түрлі тракторларда қолдануға болатын, жұмыс кезінде агрегат көлемін ұзартуға мүмкіндігі бар модульді дисктік тырманың құрылымымен ерекшеленеді.

«DAMAK Павлодар механикалық зауыты» ЖШС директоры Салауат Жұмаділов студенттердің жасаған жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Ол жобаның болашағы зор екендігін айтып, шетелден импортталатын ауылшаруашылығының түрлі құрал-жабдықтарының орнына пайдалануға болатынын басып айтты. Бұл мақсатта аймақтың бірнеше өндіріс орындарымен байланыс жасалып жатыр. «Агрегатты өңіріміздің және Республикамыз бойынша шаруа қожалықтары мен фермерлері тұтынатын болады», – дейді Салауат Қайыржанұлы.

Сондай-ақ, студенттер парк базасында шөп шабатын шалғының жобасын жасап шықты. Бұл құрылғы қазіргі күнде Павлодарда өндіріліп жатыр әрі үлкен сұранысқа ие.

Және де «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркі жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыру мақсатында «Жас ғалым» бағдарламасының жетекшілері мен қатысушыларына арналған инновациялық жобаларын қаржыландыру жолдарын игеруге көмектесетін семинарлар өткізіп тұрады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ командасының технопаркте орындаған іскерлік және әлеуметтік жобалары ENACTUS KAZAKHSTAN EXPO 2015 ұлттық додада екінші орынға ие болды. Жеңімпаздар командасы (Enactus ПМУ) «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркінің қолдауымен кәсіпкерлік пен білім, жастар арасындағы іскерлік саласындағы серіктестікті дамыту, өз кәсібіңді ашу және іскерлік қабілеттерді меңгеру, кәсіпкерлік саласындағы аға ұрпақтан тәжірибе жинақтау мақсатында кәсіпкерлік форум өткізді. Сонымен бірге, Enactus ПМУ командасы іскерлік пен білім, жастар кәсіпкерлігі, жеке бизнесті қалай ашу керектігі турасындағы ақпаратты насихаттау мұратын көздеген FoodGo компаниясын құрды.

Сонымен қатар, «Ертіс» ҒТП мен «Шарбақты – құс» ЖШС-мен бірлескен жобалар да өндірісте пайдаға жарап жатыр. Университетіміздің профессорлары А.П. Кислов, А.Н. Новожилов осы саладағы бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған жобаны өндіріске енгізуде.

Бүгінде «Ертіс» ғылыми-технологиялық парк студенттерді ғылыммен айналысуға жол салып қана қоймай, өндіріске тың инновациялы жобаларды әкелуге көмектесуде.