Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 55 жылдығына арналған VIII Республикалық физикалық жазғы мектебін өткізді.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Баянтау» демалыс кешенінде өткен физикалық жазғы мектеп биылғы жылы 7-12 шілде аралығында жұмыс жасады.

Айтулы мектеп жұмысына С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жүрген магистранттар мен PhD докторанттар және студенттер қатысты.

Жазғы мектеп жұмысы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ техникалық физика кафедрасының профессоры, ф.-м.ғ.д. Сәдриден Тілеукенов жетекшілігімен өтті.

Мектептің құрметті қонақтары мен дәріскерлері ретінде ҚР ҰҒА академигі, ф.-м.ғ.д., профессор Гахил Уалиев, ф.-м.ғ.д., профессор Серік Күмеков қатысып, аналитикалық механика мен машинатану, нанотехнология физикасының теориялық негіздері мәселелері бойынша дәріс оқыды.

– Көптеген атақты физиктер өзінің шығармашылық жолын физикалық мектептерде бастаған. Сондықтан да дәл осындай жазғы мектептерге қатысқан жас ғалымдар арасынан ертең танымал физиктер шығатынына сенемін, – дейді ф.-м.ғ.д., профессор Серік Күмеков.

Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испуловтың айтуынша, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Баянтау» базасында өткізілетін жазғы физикалық мектеп университеттің бренді болып табылады.

– Жыл сайын жазғы демалыс кездерінде өтетін бұл оқиғаны оқытушылар мен студенттер асыға күтеді. Ал Павлодар мемлекеттік университеті физика, математика және ақпарттық технологиялар факультетінің ұйытқы болуымен өтетін мектеп жұмысын қазақстандық ғылыми қауымдастық мойындағалы қашан, – деді Нұрлыбек Айдарғалиұлы.

Жазғы физикалық мектептің бағдарламасы бойынша теориялық семинарлар, тәжірибелік ғылыми зерттеулер жасалып, дәрістер оқылды. Сондай-ақ, еліміздің физика саласындағы мәселелерін арқау еткен семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтті. Және де қатысушылар мамандар өткізген шеберлік сыныптарға қатысты.

Қатысушылар волейбол, шахмат, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырып, Ақбет тауының биігіне көтеріліп, табиғат аясында шынықты. Сонымен бірге, қонақтар Торайғыр, Жасыбай мен Сабынды көлдерінің жағалауында серуен құрып, Қаныш Сәтбаевтың музейімен танысып шықты.

Мектеп жұмысының соңында қатысушыларға VIII жазғы физикалық мектепке қатысқандығы туралы сертифакат табыс етілді.