С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігімен кездесті.
Аталмыш шара Қазақстан халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін зерделеу және құрметтеу және насихаттау, вайнах халқының тілі, әдет-ғұрыптары және салттарымен танысу мақсатын тұтты.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамил Джабраилов, бірлестіктің шешен тілі мұғалімі Лейла Каимова, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік ассамблеясының төрағасы Роза Бурсагова, С.Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мүшелері мен студенттері қатысты.
«Вайнах» орталығы 1995 жылдан бері шешен-ингуш тілін, мәдениетін, дәстүрлерін үйренгім келеді деген әрбір жанға есігін айқара ашып келеді. Орталықта әр түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Орталық вокалдық, хореографиялық, ана тілін оқыту үйірмелері шешен-ингуш мәдениеті мен өнерін үйретіп, насихаттауда.
Кездесу аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік ассамблеясының төрағасы Роза Бурсагова ұйымның алдағы жоспарланған шаралары мен қызметтерін студенттерге кеңінен тарқатып берді.
Шара барысында шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің оқушылары вайнах халқының ұлттық әндерін әуелетіп, ұлттық билерін мың бұрала биледі. Тау халықтарының «лезгинка» биі кездесуге қатысушылардың көзқуанышына айналды.
Мұнымен қоса, кездесу соңында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің атқарып жатқан бар игі қызметтері мен шығармашылық табыстары турасында тұсаукесер ұсынылды.
Студенттермен әңгімелесу кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамил Джабраилов еліміздегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың достығы ел тәуелсіздігігін берік етуге ықпал етіп келе жатқандығын атап өтті.
– Ортақ отанымыз – Қазақстанда саяси тұрақтылық пен рухани келісімнің салтанат құруына шешен-ингуш халықтарының өкілдері де барынша мүдделі. Өйткені, жер аудару үдерісі кезінде ет жақындарын жоғалтқан ата-аналарымыз бен аға-әпкелеріміз бақытын осы елде тапты. Ел тәуелсіздігін алғалы бері, бауырлас қазақтармен бірге егемендіктің іргетасын берік етуге үлес қосу үстінде, - деді Шамил Шахидұлы.
Сондай-ақ, кездесуде шешен тілі мұғалімі Лейла Каимова шешен тілін үйренуге құштар болып жүрген жастарға бірлестіктің есігі ашық екенін жеткізді.
– Павлодар облысында, қалалар мен ауылдарда тұратын шешен-ингуш ұлттарының өкілдері бүгінде еш кедергісіз төл мәдениетімізді, тілімізді дамытып, өркендетіп келеміз. Бұл да ел ішіндегі татулықтың және өзара ынтымақтастықтың белгісі, - деп сөзін түйіндеді Лейла Каимова.