С. Торайғыров атындағы Павлодар мемелекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері мен студенттері республикалық «Нива» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, танымал ақын, прозашы, драматург, аудармашы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Орынбай Жанайдаровпен кездесті.

Орынбай Жанайдаров 25 өлең мен проза кітаптарының авторы. Сонымен қатар, VIII—XIX ғасырдағы қазақ жыраулары Асан Қайғының, Қазтуғанның, Шалкиіздің, Доспанбеттің, Махамбеттің, Бұқар жыраудың жыр-толғауларын орыс тіліне аударып, жеке кітап етіп шығарды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Абай туралы жазылған пьесасы үшін Мәдениет министрлігінің сыйлығына ие болған. Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларын аударған. Соңғы жұмыстардың бірі – Тұрсын Жұртбаевтың «Ақинақ» әдеби-тарихи зерттеуінің аудармасы.

Кездесу барысында О. Жанайдаров С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Тұлғаны кешендi зерттеудің ғылыми-тәжірибелік орталығына, университеттік С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасына барып шықты. ПМУ әкімшілігі көрнекті әдебиетшінің студенттермен кездесуін жоспарлап отыр.