Торайғыров университетінің Шетел филологиясы кафедрасының оқытушылары ағылшын тілін оқытуда жасанды интеллектті қолдану және педагогтердің зерттеушілік құзыреттерін дамытуға арналған «AI and Action Research: A Hands-on Guide for the Modern English Teacher» халықаралық білім беру жобасын жүзеге асыруға қатысты.
Жоба АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің Қоғаммен байланыс бөлімінің гранттық қолдауымен Ақмола облысы ағылшын тілі мұғалімдері мен оқытушылары қауымдастығы (ARELTA) қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ресми мақұлданып, білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілді және педагогтерді аттестаттау кезінде есепке алынады.
Жоба аясында тренер ретінде Торайғыров университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті Шетел филологиясы кафедрасының профессоры Ақмарал Қайырбаева мен аға оқытушы Махаббат Байтемірова қызмет атқарды. Олар еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген ағылшын тілі оқытушыларына арналған вебинарлар мен практикалық сабақтар сериясын өткізді.
Оқыту барысында қатысушылар жасанды интеллекттің заманауи құралдарымен танысып, олардың оқу материалдарын әзірлеудегі мүмкіндіктерін, жасанды интеллектті пайдаланудағы академиялық этика мәселелерін зерделеді. Сонымен қатар, педагогикалық тәжірибені зерттеу қызметі арқылы жетілдіруге мүмкіндік беретін Action Research әдіснамасын меңгерді.
Жобаның қорытынды кезеңі Capstone Event іс-шарасымен аяқталды. Қорытынды кездесуде қатысушылар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, әзірлеген білім беру өнімдерін таныстырды, ағылшын тілін оқыту үдерісіне жасанды интеллектті енгізудің тиімді тәжірибелерімен бөлісті және Қазақстандағы цифрлық педагогиканы дамыту перспективаларын талқылады.
Торайғыров университеті оқытушыларының осы халықаралық жобаға қатысуы – университет мамандарының жоғары кәсіби деңгейі мен заманауи білім беру технологияларын дамытуға қосқан үлесінің айқын дәлелі. Жоба барысында жинақталған тәжірибе білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді одан әрі енгізуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.



