Торайғыров университетінде «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттау аясында студент жастарға арналған тәрбиелік әрі танымдық кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілікті нығайту және заң талаптарын құрметтеуге бағытталған көзқарас қалыптастыру.
Кездесу барысында студенттерге «Не книжные закладки» және «Хулиганка» атты қысқаметражды фильмдер ұсынылды. Бұл туындылар жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың салдарын көрсетуге және заң талаптарының маңызын түсіндіруге бағытталған.
Фильмдерде заңға қайшы әрекеттердің салдары, әлеуметтік желілер арқылы таралатын күмәнді ұсыныстардың қаупі, сондай-ақ агрессия мен буллингтің қоғамға тигізетін кері әсері бейнеленген. Осы арқылы жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және әр адамның өз әрекеті үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруға назар аударылды.
Көрсетілімнен кейін студенттер арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, фильм сюжеттері бойынша талқылау өтті. Қатысушылар жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың түрлі тәсілдерін, мұндай жағдайлардың психологиялық және әлеуметтік салдарын талдап, қауіпсіз мінез-құлықтың маңыздылығы туралы өз ойларын білдірді.
Сонымен қатар кездесуде құқықтық жауапкершілік мәселесі де қозғалды. Студенттерге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықбұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік түрлері түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің негізі екені атап өтілді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң талаптарын құрметтеуге және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.





